ҚДСҚ - гі жаңа технологиялар

2018 жылдың 4 маусымында Атырау мұнай және газ университетінің конференция залында «Қоғамдық денсаулық сақтау қызметіндегі жаңа технологиялар» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы, Каспий зерттеу институтының қызметкерлері, Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қызметкерлері қатысты. Шараны «АтМГУ» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор А.А. Абишев жүргізді. Ресей және Европа Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, м.ғ.д., Оксфорд академиялық кеңесінің мүшесі, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің жалпы гигиена және экология кафедрасының профессоры Ү.И. Кенесариев ҚР халқының денсаулығына қауіп-қатерді талдау технологиясын қолдану саласындағы жетістіктеріне тоқталды. С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің жалпы гигиена және экология кафедрасының меңгерушісі Д.Ү. Кенесары басқару шешімдерінің әдістеріне және халық денсаулығына қауіп-қатерді бағалау және басқару туралы толық ақпарат берді. Атырау облысы ҚДСҚ өнеркәсіптік және коммуналдық нысандарды санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы А.С. Ысқақова өз баяндамасында Атырау облысындағы өнеркәсіптік нысандарды мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру бойынша практикалық жұмыс тәжірибесі туралы әңгімеледі. С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің халық денсаулығына қауіп-қатерді бағалау зертханасының жетекші ғылыми қызметкері А.Е. Ержанова Атырау қаласы мен Мақат ауданы халқының денсаулығын зерттеу мониторингісін көрсетті. «АтМГУ» КеАҚ «Құрылыс, стандарттау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» кафедрасының доценті А.А. Әбілғазиева теңіз мұнай-газ кен орындарын өңдеу кезінде туындайтын қауіп-қатерді бағалау туралы айтты. Атырау облысының Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы м.ғ.к. Т.С. Мұсағалиев Атырау облысының санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына және өзекті мәселелерге қысқаша тоқталды. Конференция барысында қатысушылар пікірлерімен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.