27 ақпанда АтМГУ-нің конференция залында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті Атырау мұнай және газ университетімен бірлесіп, Елбасының Қазақстан халқына «Төртінші өндірістік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында «Мемлекеттік қызметтің Қазақстандық моделі және болашағы» тақырыбында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға Атырау облысының мемлекеттік органдарының өкілдері, АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызметті өткеру басқармасының басшысы Ш.А. Қайненова «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы заңнаманың қазіргі кездегі қолдану тәжірибесі, тенденциясы» тақырыбында баяндама жасады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары М.Ж. Қалауи өз сөзінде Мемлекеттік қызметтегі реформалар мен олардың даму жолдарына тоқталды. Сонымен қатар, Атырау облысында мемлекеттік қызметтің беделін арттыру мақсатында қарқынды үгіт жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Конференция барысында мемлекеттік қызметті жетілдіруге және тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудің жаңа әдістерін жасауға бағытталған жұмыстардың қорытындылары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны жеңу туралы 7 пленарлық баяндама тыңдалды.