2017 жылдың 16 қарашасында Атырау мұнай және газ университеті базасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясындағы «Мұнай-газ саласындағы терминология мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға Ресей, Әзірбайжан мемлекетінің мұнай-газ саласы мамандарын дайындайтын жоо ғалымдары мен Қазақстанның техникалық жетекші оқу орындарының профессорлары, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының терминология бөлімінің ғылыми қызметкері, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшылары қатысып, АтМГУ профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттерімен дөңгелек үстел басында кездесті. Қонақтар «АтМГУ» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор А.А. Абишевтің қабылдауында болды. Дөңгелек үстелдің модераторы ғылым және инновация жөніндегі проректор А.Е. Воробьев тақырыптың ауқымдылығына тоқталып, еркін микрофон ұсынды. Шараның жоспарына сәйкес Каспий зерттеу институтының директоры Қ.М. Тасқынбаев «Геология ғылымында терминологияның қолданылуы», З.А. Қуанғалиев «Кәсіби тілді дамытуда терминологияның ролі» тақырыптарында баяндамалары тыңдалды. Әзірбайжан мемлекеттік мұнай академиясының профессор ғалымдары Г.М.Эфендиев, Т.Р.Ахмедов термин мәселесінде Әзірбайжан еліндегі ғалымдардың тәжірибесімен бөліссе, Альметьев мемлекеттік мұнай институтының ғалымдары Нұрбосынов Д.Н. «Электроэнергетика» саласындағы термин мәселесіне тоқталды. АтМГУ «Қазақ,орыс және шет тілдері» кафедрасының доценті А.Ә. Ермекова университеттегі тіл кафедрасы мен маман дайындап шығаратын кафедра оқытушыларының бірлесе атқарған жұмыстарын атап өтті. Сонымен бірге дөңгелек үстелге қатысқан Сургут университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Тонконогов Юрий Маркович, шетелде білім алып өздерін жоғары білікті маман ретінде таныта білген, өзгелерді мойындатқан қазақстандық жастардың жетістіктерін зор мақтанышпен атады және студент жастардың әлемдік білім аренасына шығуы үшін алдымен өз тіліңді жетік біліп, өзге тілді соның ішінде ағылшын тілін меңгеруді ұсынды. Дөңгелек үстел қорытындысында мұнай-газ саласының терминология мәселесінде бірлесе отырып, консенсусқа келуді ұсынды.