Жалпы ережелер
Студенттерге, институттың профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлерге кітапхананы пайдалану құқығы берілген.
Кітапхана оқырмандарға кітаптар, газеттер, журналдар мен кітапханада бар басқа да құжаттарды уақытша пайдалануға беруді ұйымдастырады.
Кітапханалық қызметтердің барлық түрлері тегін көрсетіледі.
Абонемент бөлімінде әдебиеттер үйге беріледі. Кітаптың жалғыз данасы немесе соңғысы болған жағдайда кітап үйге берілмейді.
Оқырмандардың кітапханаға жазылуы оқырманның институтқа қатысы барын куәландыратын құжатты көрсетуі және 2 дана фотосуретін тапсыруы арқылы жүзеге асады. Оларға оқырман формуляры толтырылып және оқырман билеті беріледі.
Оқырман билеті кітапхана оқу залы мен абонементін пайдалану құқығын беретін жалғыз құжат болып табылады. Оқырман билетінің әрекет ету мерзімі оқуды аяқтағанға дейін.
Кітапханаға тіркелген кезде оқырман кітапхана ережелерімен таныстырылып, олардың орындалуы туралы міндеттемені растау үшін оқырман формулярына қолтаңбасын қояды.
Абонементті пайдалану ережесі
Оқырмандар абонементте әдебиеттерге тапсырыс бергенде оқырман билетін ұсынады.
Әдебиеттер төмендегі мерзімге үйге беріледі:
- қоғамдық ғылымдар бойынша білім беру әдебиеттері оқу жылының соңына дейін беріледі ;
- оқу- әдістемелік әдебиеттер әрбір пәннің оқытылу мерзіміне байланысты беріліп, белгіленген мерзімде міндетті қайта тіркеуден өтеді ;
- ғылыми және арнаулы әдебиеттер 2-3 данадан 20 күнге беріліп, белгіленген мерзімде міндетті қайта тіркеуден өтеді;
- көркем әдебиеттер 2-3 данадан 15 күнге беріліп, белгіленген мерзімде міндетті қайта тіркеуден өтеді.
Материалдарға оқырмандар тарапынан сұраныс жоқ болса пайдалану мерзімі ұзартылуы мүмкін .
Әдебиеттерді белгіленген мерзімнен артық пайдаланған жағдайда оқырмандардан айып ретінде кітап қабылданады. Үйге алған әдебиеттерді жоғалтқан оқырмандар мазмұны жағынан ұқсас кітап әкеліп тапсыруы керек.
Сырттай бөлім студенттері сессия аралық кезеңде қажетті әдебиеттермен қамтылады.
Оқу жылы аяқталғаннан кейін, оқырмандар міндетті түрде әдебиеттерді тапсырып қайта тіркеуден өтуі қажет.
Оқу залын пайдалану ережесі
Оқу залында оқырмандар әдебиеттерге тапсырыс бергенде оқырман билетін ұсынады. Оқу залында берілетін кітаптар мен басқа да басылымдар саны шектелмейді. Бір әдебиетке бірнеше сұраныс қатар түскен жағдайда берілетін кітап саны шектелуі мүмкін. Әдебиеттерді оқу залынан алып шығуға тыйым салынады.
Оқу залынан ұзақ уақытқа шыққан кезде оқырман кітаптарды кезекші кітапханашыға тапсыруы тиіс. Ережелерді бұзған жағдайда, оқырман кітапхана дирекциясы белгілеген мерзімде кітапхананы пайдалану құқығынан айырылады. Авторефераттар мен диссертациялар ғылыми жұмыс жөніндегі проректордың жазбаша рұқсатымен кітапхана оқу залында пайдалануға беріледі.
Оқырмандар құқықтары мен міндеттері
Оқырмандар құқылы:
- Кітапханада көрсетілетін кітапханалық - ақпараттық қызметтердің негізгі түрлерін тегін пайдалануға ;
- Ақпарат көздерін іздестіруде және іріктеуде кеңес алуға;
- Кітапханадағы электронды жабдықтарды қолдана отырып электронды каталог т.б ақпараттық қызметтерді пайдалануға;
- Кітапхананың абонемент бөлімінен әдебиеттерді уақытша қолдануға;
- Каталогтар мен картотекалар жүйесі және кітапханадағы ақпараттандырудың өзге де нысандары арқылы кітапхана қорының құрамы туралы толық ақпарат алуға;
Оқырмандар міндетті:
Әдебиеттерді алу үшін оқырман билетін ұсынуға. Жыл сайын, оқу жылының соңында көрсетілген мерзімі өткен барлық әдебиеттерді тапсырып, оқырман билетін қайта тіркеуден өткізуге. Қайта тіркеуден өтпеген оқырмандарға кітапхана қызмет көрсетпейді.
Кітапханаға тіркелген кезде оқырман кітапхана ережелерімен таныстырылып, олардың орындалуы туралы міндеттемені растау үшін оқырман формулярына қолтаңбасын қояды.
Оқырмандар кітапхана қорынан алынған кітаптарды ұқыпты ұстауға міндетті: белгі жасауға, сызуға, парақтарын жыртуға тыйым салынады. Әдебиеттерді алған кезде әрқайсысын мұқият қарап, қандай да бір ақауы болған жағдайда кезекші кітапханашыға хабарлауға міндетті. Олай болмаған жағдайда, кітапқа келтірілген залал үшін жауапкершілік кітапты соңғы пайдаланған оқырманға жүктеледі.
Оқырман кітапты жоғалтқан жағдайда, құны бірдей басқа кітаппен ауыстыруға міндетті.
Кітапханаға шығын келтірген оқырман , Қазақстан Республикасының кітапхананы қолдану заңдары мен ережелеріне сәйкес әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оқырман институтты тәмамдаған жағдайда, кітапханамен толық есептесіп, оқырман билетін тапсыруға міндетті.
Кітапхананың құқықтары мен міндеттері
Кітапхана оқырмандарға жоғары кәсіби білім беретін мекемелердің Кітапхананы пайдалану ережелеріне сай қызмет көрсетеді.
Кітапхана құқылы:
- берілген кітаптардың кітапханаға қайтарылуын үздіксіз бақылап отыруға;
- Кітапхананы пайдалану құқығын бұзған оқырмандарға жаза қолдануға.
Кітапхана міндетті:
- кітапханалық қызмет көрсетудің жоғары деңгейін қалыптастыруға, тиісті әдебиеттерді таңдауда оқырмандарға көмек көрсетуге, ауызша кеңестер беруге, оқырмандардың картотекалар мен каталогтарды пайдалануын қамтамасыз етуге, кітап көрмелерін, библиографиялық шолулар, ақпарат күндерін, кафедра күндерін және т.б іс –шараларды ұйымдастыруға;
- кітапхана оқырмандарына қажетті жағдай жасау;
- оқырман сұранысын зерделеу және толыққанды қанағаттандыру;
- жаңа технологияларды енгізу және компьютерлендіру арқылы кітапханалық және ақпараттық қызметті жетілдіру;
- кітапханалық –библиографиялық білім негіздері бойынша ауызша консультациялар, пікірталастар мен сабақтар өткізу арқылы оқырмандардың оқу мәдениетін, библиографиялық сауаттылығын арттыру;
- бекітілген ережелерге сәйкес қорда бар басылымдарға есеп жүргізу, пайдалану және сақтау; оқырманға берілген кітаптардың уақытылы қайтарылуын қадағалау;
- ұлттық-мәдени құндылықтың құрамдас бөлігі болып табылатын кітапхана қорының сақталуына жауапты болу, оқырманға берілген кітаптардың уақытылы қайтарылуын бақылау, бұрын үйге берілген пайдалану мерзімі біткен кітаптар қайтарылғаннан кейін ғана келесі кітап берілімін жүзеге асыру;
- кітап борышкерлерімен жұмыс жүргізу, тұрақты түрде кітап борышкерлігін болдырмау жұмыстарын жүргізу.
Оқырманға рұқсат етілмейді:
- кітапханаға сырт киіммен кіруге;
- оқу залдарына сөмкемен кіруге;
- оқу залдарында ұялы телефон пайдалануға;
- кітапхана ғимаратында тыныштық пен тәртіпті бұзуға ;
- кітапханадан кітап алып кетуге;
- кітапхана басылымдарын бүлдіруге (белгі жасауға, сызуға, парақтарын жыртуға, парақтарын майыстыруға т.б)
- картотекалар мен каталогтардан карточкаларды суырып алуға;
- кітапханашының рұқсатынсыз кітап қорын сақтау бөліміне кіруге.
Жоғарыда көрсетілген ережелерді бұзған оқырмандар әрбір жағдайда жеке бекітілетін мерзімге кітапхананы пайдалану құқығынан айырылады .
Кітапхананы пайдалану ережелерін өрескел бұзған оқырмандар туралы мәліметтер деканаттың қарауына беріледі.