Әріптесіміз, ардагер өлкетанушы, АтМГУ профессоры Вячеслав Константинович Афанасьев «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Университеттің ардагер ұстазы, көптеген тақырыптық монографиялар мен ғылыми еңбектің авторы , профессор В.К.Афанасьев бұл атаққа өзінің көп жылғы адал еңбегі арқасында ие болды. Атап айтсақ:
- қазіргі уақытта Республикалық маңызға ие тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесі бар Ақтөбе-Лаэти ежелгі қонысының көпжылдық зерттеулерінің бастамашысы (XIII-XIV ғғ.);
- В.К.Афанасьевтің жетекшілігімен жүргізілген археологиялық зерттеулер барысында Гурьев (Атырау) облысы мен Батыс Қазақстан аумағындағы экспедициялар құрамында жалпы алғанда жүздеген бірегей артефактілер табылды, олар АтМГУ-ң «Ескі Гурьев» музейіндегі жәдігерлер арасынан лайықты орын алды;
-АтМГУ базасында Ұлы Отан Соғысына қатысушы жергілікті жауынгерлерге арналған «Әскери даңқ» музейін ұйымдастырушы;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласында қаза тапқан және хабарсыз кеткен, сондай-ақ Гурьев қаласының эвакуациялық госпитальдарында жарадан қайтыс болған әскерилердің есімдерін қалпына келтіріп, мәңгі есте қалдырды:
- Ұлы Отан соғысында қаза тапқандардың құрметіне алты ескерткіш тақта орнатуға қол жеткізді;
-АтМГУ базасында тархи-өлкетану музейін және «Мирас» туристік-өлкетану клубының ұйымдастырушы. Осы клуб жұмысы арқылы студенттер мен оқушылардың спорттық туризммен айналысуына мүмкіндік жасады және ғылыми өлкетану зерттеулеріне жастарды тарта білді;
-"Ресейге сіңірген еңбегі үшін" (ҚР мен РФ халықтары арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін) және "Құрмет" ордендерінің кавалері.
Соған орай 14.08.19ж. Атырау облыстық Достық үйінде арнайы кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Атырау облыстық ҚХА өкілдері, өлкетанушы В.К.Афанасьевтің университеттегі әріптестері және шәкірттері қатысты. Осы кездесуде В.К.Афанасьевтің жалпы республика, облыс, қала көлемінде тарихи орындар мен ескерткіштерді қалпына келтіру, археологиялық зерттеу жұмыстарына оң баға берілді. Өз еңбегінен бақыт тапқан, АтМГУ профессоры В.К.Афанасьевтің тамаша еңбекқорлық қырлары, ізденімпаздық қасиеті, шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибесі туралы көптеген жақсы пікірлер айтылды.
Тіпті осы атқарған еңбектеріне ол ешқашан не атақ, не марапаттау да сұрамаған, еңбекті бағалауды талап етпеген, шынайы қарапайымдылықтың эталоны екенін жиналғандар ерекше атап өтті.
Әріптесімізді осындай үлкен марапатымен шын жүректен құттықтаймыз! Кейінгі жас ұрпақты патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу бағытындағы адал еңбегімен қала, облыс көлеміне кеңінен танымал ардагер В.К.Афанасьевті Атырау халқы зор құрмет тұтады. Оның айғағы - бүгінгі күні еңбегінің жоғары бағалануы.
Әріптесімізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тілейміз.