Республикалық «Мектепке жол» акциясы жалғасын табуда

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған республикалық «Мектепке жол» акцияның мақсаты-аз қамтылған және көп балалы отбасыларынан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу. 
Атырау мұнай және газ университетінің ұжымы республикалық «Мектепке жол» акциясы барысында қаламыздағы № 22 Әлия Молдағұлова атындағы мектептің бір топ оқушыларына қолдау көрсетті. Осы мақсатта 10.09.18ж. АтМГУ ұжымы атынан университеттің стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректоры, т.ғ.к., доцент Е.Т.Нұрпеиісов белсенді студент жастарымен бірге жиналған қаржыға аталған мектеп оқушыларына қажетті күзгі және қысқы киімдер (балдардың өз таңдауы бойынша) алынып, оқушыларға табысталды. 
Осы республикалық деңгейде өтетін акцияға Атырау мұнай және газ университеті жыл сайын қолдау көрсетіп келеді. Өз кезегінде мектеп директоры Салиева Ақсұлу Күзекешқызы «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор А.А.Абишевке шынайы ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымы мен ата-аналары атынан алғыс хат тапсырды.