23-қыркүйек күні Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ірі ғалым және өндірісті ұйымдастырушы, геолог-мұнайшы, көптеген геолог-барлаушылардың ұлағатты ұстазы Таумұш Нұрышұлы Жұмағалиевтің 100 жылдығына орай аталған тақырыпта Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
«Қазақстандық мұнайшы геологтар қоғамы» ҚҰ президенті, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің мүшесі Қуандықов Балтабек Мұханұлының жүргізуімен өткен шараның алғы сөзін Атырау облысының әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлы бастады. Облыс әкімі өз сөзінде ғалым туралы ескірмес естеліктерді айта келе: «Ұлттың ұлт болып қалыптасуына, рухани іргесінің нығаюына Таумұш Нұрышұлының сіңірген еңбегі сөзсіз екенін мойындаймыз. Елі еріне риза, біз бас иеміз! Сонымен қатар, ғалымның үлкен өмірде де, еңбекте де биіктерге жетуіне, елдің абыройлы азаматы болуына шынайы ықыласымен қолдау көрсеткен Бәтіш апайға зор алғысымды айтқым келеді» деп, ғалымның жары Кәрпекова Бәтіш Төреғалиқызына рахметін білдірді. Сөз барысында өскелең ұрпақтың, әр қазақстандықтың бойына намыс ұялататын, ұлттық рух орнататын іс-шараларды көптеп өткізу керектігін аса мән бере айтып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференция барысында ҚР Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы – Ізмұхамбетов Бақтығожа Салахатдинұлы, «KAZENERGY» ассоциациясы төрағасының орынбасары, «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері – Қарабалин Ұзақбай Сүлейменұлы, ҚР Энергетика министрлігінің бірінші вице-министрі – Досмұхамбетов Махамбет Жолдасқалиұлы, Атырау облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұнайшысы – Тасқынбаев Есен Тасқынбайұлы, геология-минерология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі – Диаров Мұфтақ Диарұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы – Жақсыбеков Әнуар Еркінұлы, «ФИОК» компаниясының вице-президенті – Қуантаев Нысанбай Есіркепұлы, Таумұш Нұрышұлының өзі кезінде 13 жыл басшылық еткен ҚазГБҒЗИ-ның қазіргі директоры – Ұлықпан Мұрат Ерсайынұлы секілді елеулі азаматтардың оқыған баяндамаларымен жалғасты.
Конференция соңында ғалымның жары Бәтіш Төреғалиқызы облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына отбасы, туыстары, немерелері мен шөберелерінің атынан ерекше рахметін айтып, шара қатысушыларына аналық алғысын жаудырды.
Айта кетелік, мәдениет үйінде өткен Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталғаннан кейін, ғалымның 100 жылдығына арналған шара Нұрсая шағын ауданында Таумұш Нұрышұлының атына берілген көшенің салтанатты ашылуымен жалғасты. Маңызды лента кесу рәсімі ҚР Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің төрағасы Ізмұхамбетов Бақтықожа Салахатдинұлы мен ғалымның жары Бәтіш Төреғалиқызына тапсырылды.