Сайт газеты «Білімді Ел-Образованная страна», 15.01.2020 год

https://bilimdinews.kz/?p=84069

Ұлыны ұлықтау – ұрпақтың парызы

15.01.2020

Әр сөзі теңіздей тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, адам баласына берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті. Асыл сөзімен, өнегелі өлеңдерімен тыңдаған жанды ұйытып, адамның жүрегіне жыр, көкірегіне нұр құйғандай тебірентіп тыңдататын, әлемнің алты бұрышында болып жатқан өзгерістер мен замананың дамуын бүгінгідей болжап, біліп кеткен Абай данамыз қазақтың маңдайына біткен ең жарық жұлдызы.

Тарихтың қойнауына көз жүгіртіп, Абай өлеңдері мен қара сөздерін жеке-жеке саралайтын болсақ, Абай атамыздың болашақтың бастауы ғылым-білімде екенін айқын аңғарамыз және оны жастардың жүзеге асыруын нақтылап тапсырғандығын байқаймыз. Себебі жастың жалыны қара тасты қақ айыратын еңселі күшке ие. Яғни ғылым мен білімді игеру, бойға сіңіру адам баласының жастық кезінде жүзеге асатын құбылыс.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абайдың 175 жылдығына орай жазған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласымен таныса отырып, көптеген жайттарға саналы түрде көз жүгірттік. Қазіргі уақытта біз атқаруға тиісті жұмыстар өте көп екенін байқаудамыз. Себебі ұлы тұлғамызды дәріптеуде жасалған жұмыстармен қоса, алдағы уақытта жасау керек жұмыстардың да тізімі баршылық.

Мемлекет басшысының аталған мақаласы көптеген игілікті істердің бастамасы болады деп сенемін. Себебі мақалада жаңа қоғам туралы, жаңаша ғасыр, жаңа Қазақстанның дамуы туралы және дәл осы жаңашылдықтардың тікелей жастарға қатысты екені жазылған. Иә, рас, қоғам жаңаруы үшін ең алдымен еліміздің жастары еңбекқор, тәрбиелі, тәртіпті, заңға бағынған және ең бастысы білімді болулары шарт.

Абайдың шығармашылығындағы білім мен ғылым, тіл үйрену әлі күнге өзектілігін жоймаған, қайта күн өткен сайын өркен жайып, қанатын құлаш сермеген түйткілді мәселелердің ең бір шыңындағы тұжырымдар екенін анық білеміз. Себебі «Оқу-білімсіз күніміз қараң» екенін де жақсы түсінеміз. Өсіп-жетіліп келе жатқан ұрпақтың саналы болуы, сапалы білімді меңгеруі келешегіміз үшін, елдің болашаққа нық қадам басуы үшін маңызды. Қазақстан бүкіл әлемдер қатарында жаңадан дамып келе жатқан жас мемлекеттердің қатарында болса да, білім-ғылым жағымен де, спорт, өнер жағымен де әлемді мойындата білді.

Біз өмір сүріп жатқан кезеңде сол уақыттағы секілді Абайдай ғұлама, Абай тәрізді ұлы даналар жоқтың қасы. Сол себепті қолда барды бағалап, Абай салған сара жолдың ізімен келешекке бағыт-бағдар алатындай, Абай атамыздың еңбек жолы мен өмір жолын әрқашан есімізде ұстап, кемел келешектің бастауы бола білуіміз қажет. Білім мен ғылымды бойымызға қатар сіңіріп, сіңіріп қана қоймай елдің ертеңі үшін дара тұлға болып қалыптасуға қай уақытта да міндеттіміз.

Гүлзада Тәңірбергенқызы ШАКУЛИКОВА, 

Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай газ Университеті акционерлік қоғамы Басқармасының төрағасы – ректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор