«Саналы ұрпақ» жобасының мақсаты – еліміздің білім беру жүйесі арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру. Осы мақсатта 28.02.19 ж. АтМГУ-ң «Саналы ұрпақ» аудиториясында арнайы дәріс өтті. Университеттің студенттеріне арналған тақырыптық дәрісті «Саналы ұрпақ» өңірлік кеңсесінің жетекшісі – А.Х.Имандосов жүргізді. Азамат Хайдарұлы өз сөзінде қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс- қимылдың барлық құқықтық құралдары жасалғанын атап өтті. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген, «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңес туралы», «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» маңызды заңдар қабылданғандығына кеңінен тоқталды.
Шара барысында сонымен бірге Атырау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті ұйымдастырған бейнероликтер байқауында жүлделі 1-ші орынды иеленген АтМГУ студенттерінің бейнесюжетін көпшілік назарына ұсынды. Университеттің Студенттер сарайында ұйымдастырылған «Адалдық дүкені» оқу орнында білім алушы студент жастар мен қызметкерлердің өз-өзіне қызмет көрсетуіне негізделген. Бұл жерде тіпті бейнебақылау немесе күзетші, тіпті сатушының өзі де жоқ. Дүкеннің жұмысы сатып алушылардың адалдығы мен сеніміне негізделген. Ең бастысы болашақ ұрпақты ізгілікке, адамгершілікке, адалдыққа, сенімнен шыға білуге, бір-бірімізге сенім артуға үйрету, дағды қалыптастыру. Себебі біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықты мүлдем қабылдамайтын, зияткерлік білімді, ашық ойлы, жоғары құқықтық мәдениеті қалыптасқан студент жастарды тәрбиелеу.