1979 жылы кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Оған 22 мың қазақстандық қатысқан. Бұл майдан енді есейген бозбалаларға бауырдың жақындығын, жүректің батылдығын, бейбіт күннің қадірін бірден ұғындырды. Осыған орай ағымдағы жылдың 18 ақпан күні Атырау мұнай және газ университетінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру. Туған жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына орай арнайы шара өтті.
Аталған шараның мақсаты – Ауған соғысына қатысып, ел қорғаны бола білген ер-азаматтарды еске алу, сонымен бірге арамызда жүрген ағаларымыздың есімдерін дәріптеу, сондай-ақ өсіп келе жатқан жастарды елін сүюге, болашағы үшін еш қиындықтан тайсалмауға тәрбиелеу.
«Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының меңгерушісі Б.С.Нығметовтің жүргізуімен өткен шара барысында Стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректор Е.Т.Нұрпейсов сөз алып, өтіп жатқан жиынның маңыздылығы туралы айтып кетті және жастардың бойындағы жалынның Отан үшін маздап жануын, елі үшін езіліп, рухы мықты азамат болып жетілулерін тапсырды. Шара студенттер дайындаған «Біз – интернационалисттерміз» атты бейнероликпен басталды.
Шара кезінде сөз алған АтМГУ доценті, ф.ғ.к. А.Ә.Ермекова Ауған жеріндегі ұрысқа қатысқан өңіріміздегі интернационалист жауынгерлер туралы деректер қамтылған «Ауған 1979-1989» соғысындағы Атыраулық жауынгерлер шежіресі» атты туындысы туралы сыр шертіп, таныстырып өтті. Сондай-ақ аталған жиынға подполковник, Ауған соғысының ардагері Мұхамеджан Тоқмамбетов, Қалыбай Өтепов, Көпболды Жалғасбаев, Ермұхан Бименов және Мағауия Шырдабаев сынды құрметті қонақтар қатысып, ауған соғысы жылдарындағы шым-шытырық оқиғалармен, қиын-қыстау күндер елесімен бөлісіп, өткен күннің еншісіндегі қызықты сәттерін де шараға жиналған қатысушы аудиторияға әсерлі баяндап берді. Келген қонақтардың бір ерекшелігі, олар бейбіт өмірде де еліміздің дамуына үлес қосып, ілгері басуына маңдай терін сарпып жүрген мұнайшылар, яғни еліміздегі мәртебелі мамандық иегерлері. Сонымен бірге, шара барысында АтМГУ студенттері Қуаныш Юсупов пен Владислав Богдашев та өз баяндамаларын оқып, халқымызға «Қара майор» есімімен танылған Бағытжан (Борис) Төкенұлы Керімбаев туралы дайындаған ақпараттарымен бөлісті және де қазіргі күнге жетуге қаны мен жанын қиған ардагерлерге тағзым етті.