«Ұранды елдің ұрпағы қайсар келер», дейді бабаларымыз. Иә, ерлік жасап, тәуекел ету – қазіргі заманда екінің бірінің қолынан келмейтін қасиет. Осындай көзсіз ерліктің иесі Атырау мұнай және газ университетінің студенті болғанына кеудемізді мақтаныш сезімі кернейді.
Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің МГІ-15 қ/т тобының студенті Дүйсенбаев Нұркен қаламыздың атаулы қонақүйінде орын алған өрт кезінде ерлігімен ел-жұртты сүйсіндірді. Тараз қаласынан «Серпін» бағдарламасымен Атырауға білім қуып келген түлегіміз тәуекелге бел буып, тілсіз жаудың ішінен қызметтестерімен бірігіп 30 оқушы баланы алып шығып, елдің алғысына бөленді. Бұл жағдай Нұркеннің бос уақытында еңбекке араласып, қызмет атқарып жүрген уақытында болған.
Бауыржан Момышұлының «Ешкім де іштей батыр болып тумайды, Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөзі студентіміздің өзгеге жанашырлық танытып, өз өмірін тәуекелге тігуі ата-анадан тура тәрбие-тағылым алғанының белгісі деп білеміз. Оның бұл ерлігі қай кезде де көпке үлгі, жасқа өнеге болары анық. Университет ұжымы да осындай ержүрек жастарының барына қашан да қуанады және мақтан тұтады.