Университетте адамгершілік құндылығы жоғары дамыған, жауаптылық, бастамашыл және әлеуметтік-құзыретті ұлтжанды азамат қалыптастыру және дамытуға жағдай жасау мақсатында «Адал ұрпақ» клубы жұмыс істейді. Аталмыш клубтың негізгі міндеті білім беру ортасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамаларды көтермелеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыруға қатысу болып табылады.
5 сәуір күні «Саналық ұрпақ» аймақтық кеңсесі базасында Жастар ісі жөніндегі комитет, «Адал ұрпақ» студенттік клубы және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Мектеп оқушылары түсінігіндегі жемқорлық» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Аталған маңызды іс-шараны ұйымдастыруға Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Л.К.Садыкова өзінің үлкен үлесін тигізді. С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы және №17 мектеп-лицейі, Ә.Молдағұлова атындағы №22 мектептері арасындағы ынтымақтастық аясында аталған мектептердің әкімшілігі іс-шараға мектеп оқушыларының келуін ұйымдастырды.
«Адал ұрпақ» студенттік клубы, Жастар ісі жөніндегі комитетінің жетекшісі А.Х.Имандосов шара барысында аталған тақырыптың аса маңыздылығын атап өтіп, осы іс-шараға қатысушыларға негізгі мәселелерді талқылауда барынша белсенді қатысуға тілек білдірді.
Семинар-тренинг барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Л.К.Садыкова аталмыш іс-шараның тақырыптарымен таныстырып, әлемдік тарихтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және оның негізгі мәселелері туралы айтып берді. Аталмыш шараға Жастар ісі жөніндегі комитетінің белсенділері мен «Адал ұрпақ» студенттік клубының мүшелері (Багитова Лаура, Бисенғазы Аида, Хайржанов Ризуан, Кубаев Нұрислам, Сисенов Әділет, Тұралиев Дархан, Бегалиев Тимур, Галиуллин Рашит, Бағдатов Бейбарыс, Каким Нұролла,Улитин Валера) белсенді түрде қатысты.
Семинар-тренинг кезінде университеттің көшбасшы студенттері мен мектеп оқушылары белсенді түрде қатысып, тақырып бойынша қызу талқылап, бір-бірімен пікір де алмасты. Іс-шара барысында оқушылар ел экономикасы үшін сыбайлас жемқорлықтың салдары қандай болатынын, тұрмыс жағдайында сыбайлас жемқорлық көріністерінің қалай әсер ететінін және т.б. тақырыптар бойынша әңгімелеп, талқыға салды.
Шара соңында ұйымдастырушылар қатысушы жастарға өз мектептерінің қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысуларына тілек білдіріп, аталған семинарға қатысқандары үшін алғыстарын айтты. Кейін университетіміздегі студенттік көшбасшы Каким Нұролла оқушыларға «Адалдық аймағы», оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелеудегі маңызы туралы айтып берді.