Жастар жылы аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «ҚазТрансОйл» АҚ-мен бірлесіп мұнай саласына инженерлік-техникалық кадрларды даярлау жөніндегі жобаны іске қосты.
Компания өз алдына үлкен міндет қойып, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған меморандумға қол қойды.
2019 жыл 31 шілде күні «ҚазТрансОйл» компаниясының құрылымдық бөлімшесі Атырау мұнай құбыры басқармасы басшылығының ақылы тәжірибеден өткен бірінші лектің студенттерімен кездесуі өтті. Компания Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетіне «ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік нысандарында студенттердің ақылы кәсіптік тәжірибесін ұйымдастыру және өткізу бойынша Жол картасын жүзеге асыру аясында жұмыстарды жүргізу кезіндегі ынтымақтастығы үшін ризашылығын білдіріп, Алғыс хат табыстады.
Сондай-ақ кездесу барысында компания өкілдері университет студенттерінің тәжірибе кезіндегі білімдері мен кәсіби дайындықтарының жоғары деңгейде екенін ерекше атап өтті.
Кездесу кезінде стратегиялық даму және көшбасшылық жөніндегі проректор Е.Т.Нұрпейсов басшылық атынан, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттері атынан «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығына студенттерге ақылы өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік бергендері үшін үлкен алғысын білдірді. Компания тарапынан студенттерге болашақ мамандардың кәсіби бейімделуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Сондай-ақ, аталған мекеме студенттерді өндіріске жеткізуге және кері әкетуге, тамақтануға, арнайы киіммен және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге арналған шығындарды өз мойнына алды. Және алдағы уақытта да тығыз қарым-қатынас құруға дайын екендіктерін жеткізді.