Үкілі үміттерімен үлкен болашаққа талпынған түлектер мерекесі!

 Мұнай-газ саласының көшбасшы мамандарын дайындайтын  Атырау мұнай және газ университеті бүгін 04.07.18ж. бакалавр және магистратура мамандықтары бойынша  өз түлектеріне   салтанатты түрде  диплом табыстады. Айтулы шараға білім ордасының оқытушылары, жұмыс беруші кәсіпорын басшылары, шақырылған қонақтар мен ата-аналар да қатысты.

Биылғы жылы жалпы университет бойынша  901 студент диплом алса: оның -806 бакалавр, 56-сы үздік диплом иегері,  41 магистрлік, дәрежеге ие болды.

«Сазанқұрақ»  ЖШС бас директорының орынбасары, Атырау қалалық мәслихатының депутаты, облыстық кингбоксинг федерациясының президенті Ә.А.Семғалиев, Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Р.Ризуанов, кеңес мүшелері Д.Б.Алтаева, Ж.У.Асабаева, Атырау облыстық «Жас Отан» ЖҚ төрағасы, Атырау қалалық депутаты Р.М.Ғилажев, Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Р.Қ.Құспан жүрекжарды  тілектерімен бірге түлектерге қызыл диплом табыстады.

Биылғы оқу жылындағы бір ерекшелік оқу орны университет мәртебесіне лайық алғаш рет өз магистранттарына магистрлік дәрежедегі дипломдарын табыстады.

Биыл дәстүрлі түрде дуалды білім беру факультеті өзінің үшінші жыл қатарынан  түлектерін шығарды. Түлектер арасында 40 студент дуалды білім беру факультетінен, оның 20-сы   дипломмен бірге еңбек кітапшаларын, сертификаттар алды.  Дуалды факультет түлектеріне «Эмбамұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары А.Ғ.Габдулин, «Жігермұнайсервис» ЖШС бас директоры Р.Е.Мухатов, Дуалды білім беру факультетінің деканы Ж.Қ.Жантурин дипломмен бірге еңбек кітапшаларын табыстады.

 «Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы-ректор, Қазақстан Республикасы   жоғары оқу орындары Ассоциясының бірінші вице-президенті, э.ғ.д., профессор А.А.Абишев түлектерге мамандар даярлаудағы бүгінгі университет жетіп отырған жетістіктерін атай отырып, бүкіл ұстаз ғалымдардың еңбегінің нәтижесінде түлектердің маман ретінде сапалы білім мен кәсіби біліктілік жинақтағанын атап өтті. Жас мамандардың келешекте университет туын биік ұстайтындарына кәміл сенеміз деп жүрек жарды сөзін арнады.

Университет қабырғасында  білім алып, сан-салалы ғылымды меңгерумен қатар  оқу орнының  студенттік өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқара білген және қала, облыс, республикалық түрлі білім сайысы мен спорттық турнирлерде, шығармашылық байқауларда Атырау мұнай және газ университетінің  мәртебесін асқақтатуда өзіндік үлес қосқан бір топ түлектерімізге  алғыс хат табысталды.

«Білімнің басы-бейнет, түбі-зейнет» деген халықтың дана сөзі бар. Салтанатты шарада  АтМГУ бүгінгі түлектеріне болашаққа деген үкілі үміттерін үлкен өмірге деген  талпыныстарымен ұштастырып,  сәт-сапар  тіледі.