Астанадан алған әсер

Атырау мұнай және газ университеті оқуда үздік, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде араласатын көшбасшы студенттердің жан-жақты дамуына қолдау көрсету мақсатында олардың халықаралық, республикалық әртүрлі шараларға қатысуын қамтамасыз етіп отырады. Осыған орай қараша айында АтМГУ-ден 14 студент Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайына және мұражайдың ғылыми қызметкерлері өткізген 2 күндік семинарға қатысып келген еді. Мұражайға және семинарға қатысқан студенттердің өз ой-пікірлерін білу мақсатында 2018 жылдың 7 желтоқсан күні АтМГУ Баспасөз орталығы аталған студенттермен кездесу ұйымдастырды.

Кездесу барысында студенттер Елбасы мұражайының көз тоймас әсемдігі мен әдемілігі, әр заттың сан қилы қасиеттерінің бар екендігі, мұрағаттардың соншалықты көп және олардың адамды қызықтыра білетіндігі жайында сөз қозғады. Әр студент мұражайдан алған әсері туралы, соның ішінде ең қатты әсер берген мұрағаттар жөнінде әңгімеледі.

Сонымен бірге мәні мен маңызы мықты екі күнге созылған семинар-тренинг арқылы білімдерін толықтырған студенттер жаңалықтарымен бөлісті. Тың деректер, қызықты мәліметтер, топ болып өткізген жұмыстар студент жастарға жаңа ой, ерекше құлшыныс сыйлағаны байқалып тұр.  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингіне қатысып, қысқаша оқу курсынан өткенін растайтын сертификаты табысталғанын, одан алған тағылымдарының мол екенін ерекше тілге тиек етті.