2019 жылы 1 ақпан күні Атырау мұнай және газ университетінде «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен және Атырау мұнай және газ университетінің қолдауымен Жастар жылына орай Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Хаменова Бақытгүл Қайыржанқызының студенттермен кездесуі өтті. «Серпін» бағдарламасымен білім алып жатқан студенттер арасында өткен еркін форматтағы кездесу кезінде Бақытгүл Қайыржанқызы еліміздің жастарының жетіліп, өсіп-өркендеуі үшін, елінің нағыз азаматы болуы үшін ең алдымен еңбек ету керек екенін қатаң тапсырды. Кездесу барысында оқу орнымыздың студенті Сұлтанбек Бекболсын «Жас отау», «7-20-25» бағдарламалары жөнінде жақсы білетінін, бірақ бұл бағдарламалардың жас мамандарға берер мүмкіндігі аз екендігін айтты. Ал Серік Базарбек оқуды аяқтағаннан кейін Атырау қаласында қалып жұмыс жасауға қандай мүмкіндіктер жасалынатынын, жұмыс табу мүмкіншілігі секілді сұрақтарын Мәжіліс депутатына бағыттады. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы жас саясаттанушылар мектебінің мүшесі Әлібек Өмірзақов мектеп бағдарламасындағы оқулықтарда кеткен қателіктерді түзетуді қолға алуды ұсынды.
Б.Қ.Хаменова өз сөзінде талмай еңбектенуінің арқасында 23 жасында колледж директоры қызметіне орналасып, ол жерде 15 жылдың ішінде он мыңнан астам жасөспірім тәрбиелеп, етене жұмыс жасағанын айтып өткен еді. Кездесу соңында сол жылдары өзінен білім алған студенті келіп, алғысын жаудырып, гүл шоқтарын табыстап, көпшіліктің жүрегін елжіретті.