1979 жылы басталған Ауған соғысына Қазақстаннан 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Иә, бұл да бір жүрекке қаяу салар, халқымыздың жадында сақталып қалар уақыттың қатыгез бір тұсы. Осыған орай, Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты 2019 жылы 14 ақпан күні Атырау мұнай және газ университеті қабырғасында интернационалист ағаларымыздың құрметіне арналған «Ауғанстан ақиқаты» атты кездесу сағаты өтті. Кездесу сағатында студенттер Ауған соғысы ардагері Жұмабек Бектемірұлы Тұрниязовпен жүздесті.
Жұмабек Бектемірұлы Ауған соғысына өрімдей 20 жасында аттанып, енді ғана есін біліп, есейген шағында қан майданның ортасында жүру қаншалықты қиын екенін кездесуге келген студенттерге айтып берген еді. Алайда соғыс деген тажалдың уысында жүріп көрген қиыншылықтың барлығы да бір ғана ел үшін, жер үшін, Отандастар үшін екенін естен шығармаған. Осылайша жиналған студенттерге, бойында жастық жалыны шарпыған жастарға өз өмірінен сыр шерте отырып, Кеңес жастарының патриоттылығы туралы дәріптеп айтып берді.
Кездесу сағатында жас студенттер батыр ағаларымыздың ерліктеріне тәнті болып, айтылған әңгімелер мен Жұмабек Тұрниязовтың Ауған соғысы кезіндегі өмір жолы жастарға өзіндік елеулі әсерін қалдырды.