Әскери даңқ залында өткен кездесу

Облыс көлеміне танымал Атырау мұнай және газ университетінің мұражайына мектеп оқушылары аса қызығушылық танытып, өздерінің сұраныстары бойынша саяхат ұйымдастырды. Шара «Бәрі біздің есімізде. Біз мақтан тұтамыз!» ұраны аясында АтМГУ ҚХА кафедрасы мен №17 мектеп-лицейдегі кафедра филиалымен бірлесіп, университеттің Әскери даңқ залында 9 мамыр – ұлы Жеңіс күні қарсаңында өтті. Экскурсияны мұражайды құрушы, облысқа белгілі өлкетанушы В.К. Афанасьев АтМГУ Көшбасшылар орталығының белсенді студенттерінің қолдауымен жүргізді. Әскери даңқ залын 3-4 мамыр аралығында сынып жетекшілерімен бірге 250-дей оқушы тамашалады. Оқушылар «Ескі Гурьевтің тұлғалары мен көшелері» университеттік мұражайына және В.К. Афанасьевтің археологиялық экспозициясына аса қызығушылық танытты. Бұл бөлімді белсенді студенттер Хлопцева Анастасия мен Сұлтанғалиева Валентина таныстырды.

Тарихи деректерге толы мұражай жәдігерлерімен толық танысқан оқушылар сол бір жылдардың тылсым деректеріне бойлап, мемориалдық басылым беттерінен өз туыстары мен таныстарына қатысты деректер іздестірді және сол зұлмат жылдарға қатысты көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алды. АтМГУ ҚХА кафедра меңгерушісі Л.К.Садыкова оқушыларға тарихи-іздестіру жұмыстарын өз отбасыларынан бастауға, Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстары мен ағайындары туралы отбасылық мұрағаттарын тағы бір ақтарып, жазғы демалыс уақыттарында оқушылардың мұражай қызметкерлерімен іздестіру жұмыстарын бірге атқаруға шақырды. Сол арқылы әр жастың туған жерге деген сүйіспеншілін арттыруға бағыттады.