Ағымдағы жылдың 3-24 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында «KAZAKHSTAN ENERGY WEEK» аясында «Жастар және уақыт талабы» тақырыбында KAZENERGY ұйымдастыруымен XI Халықаралық Жастар форумы өтті. Аталған халықаралық форум жұмысына Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері: Тұрғалиев Дәулет (ММТ-17қ/т), Хайржанов Ризуан (ГК-17о/т), Томачков Михаил (ЭЭ-16о/т) қатысты.
Жас буынның үздік өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін, жаңа ұрпақтың еркін пікір алмасу алаңында туындайтын озық идеяларға өз септігін тигізетін форумның маңыздылығы ерекше. Жан-жақтан жиналған жастар форум аясында білім беру ісінің болашағын талқылап, мансап құру, көшбасшылық мәселелері бойынша салмақты шешімдер қабылдады. Форум жұмысында жастардың, жаңа жас буын өкілдері ұсынған пікірлердің барлығын да аға буын өкілдері тыңдап, өз ойларын қосты. Аталған форум қатысқан жастарды тың жаңалықтарға шабыттандырып, қызықты тәжірибеге толы болды. Форум аясында білікті де білгір мамандардың дәрісі тыңдалып, жоғары білікті мамандар мен сарапшылардан тәжірибе алмасып, түрлі семинар-тренинг жұмыстарына қатысты және пікірталас алаңдарында өз ойларын білдіруге толық мүмкіндік берілді.
Бұл жыл біздің елімізде Жастар жылы ретінде атап өтілді, сондықтан форумның тұжырымдамасы KAZENERGY білім беру бағдарламасының бір жобасында оқитын 1000-нан астам қазақстандық студенттер арасында жүргізілген сауалнама негізінде жастардың пікірлерін ескере отырып әзірленді.