9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай үстіміздегі жылдың 5 желтоқсан күні Бірыңғай сағат аясында Атырау мұнай және газ университетінде бірнеше шаралар ұйымдастырылды.
АтМГУ Баспасөз орталығы ұйымдастырған шара қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, университет базасында өткізілген іс-шаралар арқылы ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, азаматтық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды, жан-жақты дамыған тұлғаны, саналы ұрпақты тәрбиелеу мақсатында өтті.
Шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жұмағұлов Тоқтамыс Қадошұлы және АтМГУ студенттік топтары мен профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.
АтМГУ-да осы аталған шара жылда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жалпы оқу орны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаментімен тығыз байланыс орнатып, осы бағытта бірігіп жұмыстар атқарып келеді.
Бүгінгі үлкен дәріс залында «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, магистр Кенжебаева Сәуле Есенжанқызы Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбына лекция өткізсе, Студенттер сарайында белсенді студенттердің қатысуымен "Көшбасшы" орталығының жетекшісі А.Х.Имандосов «Жастар жемқорлыққа қарсы» тақырыбында интеллектуалды викторина өткізді. Сайысқа қатысқан екі команда білімдерін сынға салды. Сайыста ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Жұмағұлов Тоқтамыс Қадошұлы қазылық жасады.