Атырауда Құрметті профессор Таумыш Жұмағалиевті еске алды
Атырауда ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрметті профессор Таумыш Жұмағалиевтің 100 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Республикалық деңгейде өткен ғылыми конференцияға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов, KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов, «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков қатысты. Қатысушылар Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген геологы, профессор Таумыш Жұмағалиевтің өмірі мен еңбек жолын еске алды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, Таумыш Жұмағалиев қазіргі және болашақ ұрпақ үшін жарқын үлгі.
«Көп жылдар бойы Қазақстанның мұнай-газ саласындағы танымал адаммен, біздің еліміздің Құрметті азаматымен бірге жұмыс істедім. Ол геологиялық-барлау жұмыстарын дамытуға үлкен үлес қосты, ашық кен орындарын өндіруге негізделген көптеген зерттеулер жүргізді. Қазіргі таңда оның ғылыми еңбектері, монографиялық кітаптары кеңінен зерттелуде», – деді ол.
Конференцияға қатысқан Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев ғылыми шараның Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілгенін атап айтты.
«Елбасымыздың бағдарламалық мақаласында біздің еліміздің дамуы мен өркендеуіне белсенді қатысқан адамдарды ұмытуға болмайды делінген. Ұлттық құндылықтарды насихаттау және ата-бабаларды құрметтеуге бағытталған іс-шаралар үлкен болуы керек», – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетелік, Таумыш Жұмағалиев 1976 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Тепловско-Токаревское кен орнын ашқаны үшін Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Бірнеше жыл бойы Таумыш Жұмағалиев Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ғалым «Теңізшевройл» компаниясының бастамасы бойынша әзірленген қазақ тіліндегі мұнай және газ геологиясы бойынша алғашқы терминологиялық сөздіктің авторларының бірі болды.
Ғылыми конференцияны Атырау облыстық әкімдігі, Атырау мұнай және газ университеті мен «Қазақстандық мұнай геологтары қоғамы» бірлесе ұйымдастырды.