Газета "Атырау" №84 (20 273) 16.10.18

Табиғат тамыршысы

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Атырау облысы мен қаласының Құрметті азаматы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик  Мұфтах Диаровтың 85 жасқа толуына орай өткізілген «Экология және мұнай-газ кешені» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мерейгерді құттықтау сөзінде оның мәртебесін осылай атап өтті.

????????????????????????????????????

– Сіздің өміріңіз, – деді Нұрлан Асқарұлы, – өз мамандығын шексіз сүюдің жарқын өнегесі. Ол – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Осы жылдар ішінде Мұфтах Диарұлының басшылығымен бірнеше ғылым докторы мен кандидаты даярланды. Оның алдынан мыңдаған студент дәріс алды.

Облыс әкімі одан әрі Мұфтах Диарұлының отызында ешқандай аспирантура бітірместен ғылым кандидаты атағын абыроймен қорғағанын атап айтты. Сондай-ақ, қырық жаста докторлық диссертациясын ақбас академиктердің алдына жайып салғанда да жетекшісі болмаған-ды. Мұның бәрі жас ғалымның сол кезде-ақ өзіне сенімділігін, біліктілігінің молдығын көрсетсе керек.

Мұфтах Диаров – 350 ғылыми еңбектің және екі патенттің авторы. Оның ойлап тапқан тәсілдері өзге елдерде де қолданылуда. Экология жөніндегі ғалымның бағалы бастамалары мен ұғынықты ұсыныстарына отандық және шетелдік мұнай-газ компанияларының басшылары әркез ден қояды.

– Көмірсутегі өндірісі, – деді одан әрі облыс әкімі, – қоршаған ортаға қайткенде де әсер етеді. Біздің міндет – соны белгіленген мөлшерде ұстау, рұқсат етілген деңгейден асырмау. Міне, осы орайда Мұфтах Диарұлы азаматтық позициясын танытып келеді. Қазір табиғатты таза сақтау бағытында біраз іс тындырылғанымен, тұрғындар талабы әлі де жоғары. Сондықтан, жұртшылық тілегін қанағаттандыру жолында жұмыла жұмыстануымыз керек.

Мерейгерді ұжым атынан құттықтаған Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы Әли Әбішев қадірменді қарттың жас ғалымдарға үлгі екенін айтып, оған жаңа шығармашылық жетістіктер тіледі. Қазақы қағидамен иығына шапан жапты.

Сонау 1933 жылдың 10 қыркүйегінде Жаманқалада дүниеге келген Мұфтах Диарұлының геолог мамандығын қалай таңдағаны өзіне ғана мәлім. Өйткені, Жайық бойын жайлаған жұрт ежелден-ақ егіншілікпен шұғылданатын, мұнда бау-бақша дақылдары мен көкөністің сан түрі өсетін. Әйтсе де, 1955 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетін тәмамдаған ол өмір бойы осы мамандығын серік етті. Дендер дөңесін жан-жақты зерттеді. Бүгінде мамандар Сатимола кенішінің байлығын Теңіз бен Қашаған кен орындарының қорымен салыстырады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтқанындай, әзірге кең қанат жаймағанымен, борат пен тұз алаңдарын кеңінен игеру келешектің еншісінде. Инвестор да табылар, жерасты қазынасы да халық қажетіне жаратылар. Сол кезде осы мол мұраға иелік етер ұрпақ Мұфтах Диаров сынды тұлғаларға разылық танытары кәміл.

Қадірменді қарттың әр жылдары алған орден-медальдары өз алдына, ол – Атыраудан шыққан тұңғыш геология-минералогия ғылымдарының докторы. Бірнеше кен орнын ашуға белсене қатысты. Оның үстіне, шындығында, қай өңір өзінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі барымен мақтана алады? Мұндай асқақ атақ Астана мен Алматыдан ауыса бермейді. Аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы айтқанындай, Мұфтах Диарұлы осы дәрежесімен-ақ тұтас облыстың абыройын асырып отыр.

Ардақты ақсақал есімі өңірдегі экологиялық проблемаларды шешуге белсене қатысуымен де белгілі. Қоғамдық тыңдауларда ғылыми негізге сүйенген тұжырымдарын алға тартып, отандық және шетелдік компаниялар басшылары мен мамандарын тығырыққа тірегенін талай көргенбіз. Сонда ол тырнақ астынан кір іздеп, әдейі тиісіп отырған жоқ. Қара басының қамын да ойламайды. Мақсаты – жерлестерінің саф ауамен демалып, таза жерде тынығуы. Көздегені – атыраулықтардың тұрмысының түзелгені. Ілгергі жылдары газетімізге сұхбат берген академиктің «Мен бір күні атыраулықтар таңертең ұйқысынан оянбай қала ма деп қорқамын» деген сөзі афоризмге айналып, бүгінде жұрттың аузында жүр. Оны республикалық БАҚ өкілдері де қолданған.

Жалпы, Атырау мұнай және газ университеті экономика мен әлеуметтік-гуманитарлық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Ұзаққали Елеубаев модераторлық еткен пленарлық мәжілісте мерейгерді Қазақстан геолог-мұнайшылар қоғамының тете-президенті Қосан Тасқынбаев, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков, профессор Софья Нұрсұлтанова, НКОК компаниясының жетекші экологы Гүлсім Мутышева, т.б. құттықтады. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрыновтың, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалиннің жеделхаттары оқылды.

Каспий маңының экологиясы мен отын-энергетика кешеніне арналған секциялық отырыста осы аймақтың қазіргі қалыптасқан қоршаған ортасы және мұнай-газ кеніштерінің игерілу барысы кеңінен талқыланды. Оған Қазақстаннан өзге Ресей мен Әзербайжанның ғалымдары қатысып, өзекті мәселені шешуге байланысты ойларын ортаға салды. Конференцияны Каспий зерттеу институтының директоры Асылбек Қанбетов қорытындылап, қабылданған шешімді жария етті.

Сонымен, Атырау мұнай және газ университетінде тағы бір тағылымды шара өтті. Сайып келгенде, белгілі ғалымның тау тұлғасы арқылы тұтас ғылымға құрмет көрсетілді. Аймақтың экологиялық ахуалы сарапталды. Әрине, академик Мұфтах Диаровтың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі ретінде ұсынылды. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты да осы.